Қабылдау күндері мен уақыты: Сәрсенбі, сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін
Жатақхана мәселесі толық шешілді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында және жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» жоғары білім сапасын арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырамаларды орындау мақсатында Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова студенттердің баспана мәселесін шешу жолын қолға алу қажеттілігін атап айтты. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасын қолдау жұмыстары да университтер тарапынан қолдау тауып келеді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті – еліміздегі бірегей ғылыми, оқу және мәдени-ағарту кешені. Көпбейінді жоғары оқу орындарының бірінші ондығы қатарына кіре отырып, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, магистратура, қосымша білім беру, PhD докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярлауды ойдағыдай жүзеге асыруда. Бізде бакалавриаттың – 50, магистратураның – 30, PhD докторантураның 3 мамандығы бойынша білім беру жолға қойылған.
Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде: «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек», – деп атап көрсеткен болатын. Бүгінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті осы тапсырма негізінде нақты жұмыстарды қолға алуда. Университетімізде жатақхана мәселесі толық шешілген. «Серпін» бағдарламасын қолға алып жатқандықтан, 500 орынды жатақхананың жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қойдық.
Тарихи тұрғыда болмасын, қазіргі уақытты алсақ та, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында туу көрсеткіші жоғары, көшіп келушілер саны артуда. Бұл фактордың қаншама ұлттық демографияға қосып жатқан үлесі оңтайлы десек те, жұмыссыздық мәселесін туындатып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл тұрғыда «Серпін» бағдарламасының қолға алынып отырғаны белгілі. Шығыс Қазақстан облысында 11 орта кәсіптік білім беру колледжі мен 5 жоғары оқу орны аталып отырған мемлекеттік шараға тікелей қатысуда. Өскемен қаласында 1000-ға жуық орта және ірі ауыр, түрлі-түсті металлургия өнеркәсіп мекемелері нарықта өз орнын алып, жылдар бойы мемлекетіміздің халық шаруашылығына қомақты үлесі қосып келеді.
ШҚМУ білім алушыларды басқа университеттермен бірігіп келісім түрде оқыту жүйесін дамытудағы жолда, 10-нан астам шет мемлекеттердің оқу орындарымен ынтымақтастық келісімшарт жасап, олармен тығыз байланыс құруда. «Серпін» жобасының жастары 2015 жылдан бері Польша, Қытай, Чехия елдерінің жоғары оқу орындарына жүйелі түрде барып, білім алуда. Алдағы уақытта басқа да Еуропа, Азия университеттеріне жіберу жоспарланып отыр. Бұл жетістіктерге жету үшін серпіндік жастар университетте «Көптілдер орталығы» ұйымдастырған шетел тілін үйрету үйірмелері мен курстарында ағылшын тілін меңгеріп, жетілдіруде.
«Серпін» жобасы аясында бес өңірден келген студенттердің бәрі де студенттік жатақханалармен, шәкіртақымен (20 000 теңге, үздік бағамен – 25 000 теңге), тегін медициналық қызмет көрсетумен қамсыздандырылған. Бағдарламаның түбегейлі міндеті – студенттерге білім беріп, маман ретінде дайындаумен қатар, қызмет орнымен қамтамасыз ету, өңірде қалып еңбекке араласуға ниет білдірген жағдайда жұмыс пен тұрғын үй мәселесін шешіп, аймақта тұрақтандыру, әлеуметтік қолдау көрсету.
Университетте аталған жоба бойынша 738 студент білім мен тәрбие алумен қатар, ғылыми-студенттік, іздену-шығармашылық жұмыстармен шұғылдануда.
2018 жылы алғашқы түлектерді маман ретінде дайындап шығару жоспарланып отыр, оларды еңбекке араластыру мақсатында университет тарапынан жан-жақты іс-шаралар атқарылып, жоспарлы түрде дайындық жүргізілуде. Сонымен қатар келешекте тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша университет үзіліссіз байланыста «Тұрғынүйқұрылыс» банкімен, тығыз ақпараттық-насихат жұмысын өткізіп отырады. Студенттердің оқу үлгерім көрсеткіші және білім сапасы жоғары деңгейде (95,5%). Оңтүстік аймақтардан ақылы түрде оқуға келген білімгерлерге университет тарапынан Ғылыми кеңестің шешімі бойынша төлем ақысына әлеуметтік жәрдем ретінде жеңілдік қарастырылған және босаған ваканттық «Серпін» квотасы аясындағы мемлекеттік білім беру грант орындарына жақсы үлгерімі бар, қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын оңтүстік жастары ауыстырылады. Мысалы, 2015 жылы – 10, 2016 жылы –11, 2017 жылдың қыркүйек айында – 17, ақпан айында – 11 студент Білім және ғылым министрі мен ШҚМУ ректоры бұйрықтарымен ақылы оқу түрінен білім беру грантына ауыстырылды.
Жастардың техникалық-кәсіптік мамандық алуына қолдау көрсету, оларды жоғары жалақылы жұмыспен қамтамасыз ету, жастарды адал еңбекке ынталандырудың жолын табу – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі. Сондықтан «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» мемлекеттік жобасы қазақстандық, оның ішінде, оңтүстік аймақ жастарын кең көлемде педагогикалық, әлеуметтік, техникалық-кәсіптік білім алуға және тәуелсіз мемлекетіміздің аса маңызды индустрияландыру бағдарламасына қатыстыруымен қатар, еңбек саласына араластыруын көздейді. Бұл шара жастарды бәсекеге қабілетті өмірге, адал еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құрудағы алғашқы қадамы екені баршаға мәлім.
Мемлекетіміздің жастарға республиканың басқа өңірлеріне оқу орындарына барып оқып, соңынан еңбекке араласып, тұрақтанып қалуын ұсынуы мен жүзеге асыру шараларын ұйымдастыруы – ірі масштабты тарихи жоба және жастардың келісімді де ұтымды миграциясына ықпалы мол сара жол деп білеміз. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті өз стратегиялық даму жоспарын Елбасының көзқарасымен ұштастыра отырып, Отанымыздың индустрияландыру перспективті жоспарларына, еңбек өңірлерінде сұранысқа ие болған мамандықтарды насихаттаумен қатар, білікті кадрларды дайындап, еңбек ресурстарын тиімді үлестіруге үлес қосуда.
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор
Өскемен қаласы